Бастауыш сыныптарындағы оқу техникасы
- 1-4 сынып оқушыларының оқитын сөздер саны
- 1-сынып 30–40 сөз
- 2-сынып 50–60 сөз
- 3-сынып 70–80 сөз
- 4-сынып 90–100 сөз
Қазіргі бастауыш мектептердегі деңгейлеп-саралап оқыту әрбір оқушының жұмыс қарқынын, қабылдау, есте сақтау, ойлау қабілеттерінің ерекшеліктерін ескеруге мүмкіндік береді. Кез-келген деңгейлеп-саралап оқытудың түпкі мақсаты – оқудың сапасын арттыру. Бірсыдырғы оқу түрлері оқушының оқуға деген қызығушылығының жоғалуына әкеліп соқтырады, сондықтан дауыстап оқу мен іштей оқу, бәсең дауыспен немесе дауыстап оқу, қарқынын жылдамдатып немесе баяулатып оқыту т.б. жұмыс түрлерін алмастырып отыру қажет. Сыныптан-сыныпқа көшкен сайын өзіндік оқудың көлемін ұлғайтып отыру керек, мұнсыз баланың толыққанды дамуы туралы сөз болуы да мүмкін емес.
- Оқу бағдарламасындағы көптеген мәтіндердің өлең түрінде келетінін ескере отырып, шапшаңдыққа оқу дағдысын тексеру барысында өлең түріндегі мәтіндерді де қолданып отырған жөн. Өлең түріндегі мәтіндерді оқыту кезінде өлең оқу ырғағына, дауыс реңкіне, кідіріс қоя білуіне, эмоционалдық бояуына, бейнелі оқи білуіне мән беріледі. Мұндай мәтіндер мұғалімнің қалауы бойынша алынады.
Оқу техникасын тексеру кезінде мұғалім баланың оқу дағдысын, түсініп және дұрыс оқуын, оқу шапшаңдығын, мәнерлеп оқуын біртұтас алуы қажет.
Оқу шапшаңдығы да оқу тәсіліне байланысты. Буындап оқитын оқушылардың шапшаңдығы бір басқа болса, ал тұтас сөздерді оқитын оқушылардың шапшаңдығы бір басқа. Оқу дағдысын тексеру кезінде баланы «тезірек оқы» деп асықтыруға болмайды. Мұндай асықтырудан кейін ол 1-2 сөзді немесе сөйлемді ғана тез оқуы мүмкін, алайда қайтадан сол кезеңдегі өзінің қалыптасқан шапшаңдығына түседі.